Кедергісіз еңбек
Алматы облысында 734 мүгедектігі бар азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Өңірдегі мансап орталықтары олардың еңбекке араласып, кәсіби әлеуетін жүзеге асыруына қолдау көрсетіп келеді. Тілектес Берғанали үшін еңбек жолындағы әр қадам - мүмкіндік. Туғанынан церебралды сал ауруымен өмір сүріп келе жатқан ол оқуын аяқтап, мамандық бойынша жұмысқа орналасқан. Жастар тәжірибесі бағдарламасы арқылы еңбекке араласқан Тілектес бүгінде хатшылықтан Мансап орталығының маманына дейін көтерілді.
ТІЛЕКТЕС БЕРҒАНАЛИ
ЖАС МАМАН
«Жұмыс барысында ондай қиындықтар көрген жоқпын. Өйткені басшыларым да, ұжымым да басқаларға қандай қарым-қатынас жасаса маған да тура сондай, ешкім бөліп-жармайды. Және де осы Жастар тәжірибесіне үлкен алғысымды білдіремін. Өйткені универде оқып жүрген кезде ойлайсың ғой, диплом алғаннан кейін не істеймін, ертең қандай жұмыс істеймін деген уайым болған. Диплом алғаннан кейін келдім. Келіп осы жерге жүгініп едім, барлық жағынан көмектесті.»
Ерекше қажеттілігі бар жандарға мемлекеттік әлеуметтік зейнетақы тағайындалғандықтан, жалақыдан он пайыздық зейнетақы жарнасы ғана ұсталады. Ал жеке табыс салығы мен медициналық сақтандыру төлемі сол қалпы беріледі. Бүгінде орталыққа жұмысқа орналасуға ниетті 150 адам өтініш білдірген. Оның 50-і аудандағы қоғамдық жұмыстарға тартылған. Бұдан бөлек, «Күміс жас», «Жастар тәжірибесі» секілді мемлекеттік бағдарламалар арқылы да азаматтар жұмыспен қамтылып келеді.
ӘДІЛЕТ ҚАСЫМБЕК
ЖАМБЫЛ АУДАНДЫҚ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
«Жамбыл ауданында қазіргі таңда 3660 адам мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Оның ішінде бірінші топта 207 адам. Екінші топ 900 адам. Үшінші топ 1880 адам болады. Қалғандары кәмелетке толмаған мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Аудан әкімі белгілеген квота бар. Мысалы жоспар бойынша мектептерге жіберу, басқа да әкімшіліктерге, мекемелерге белгіленген квота бойынша біз жібереміз. Бізге биылға жылдың басынан жазға дейін 12 адамға жоспар берген.»
Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге бейімделіп, қоғаммен бірге өсуі – еңбек нарығындағы теңдік белгісі. Мансап орталығында қысқа мерзімді кәсіптік үш айлық оқулар да қарастырылған. Әр адам өз дағдысына қарай шаштараз, тігінші, автоэлектрик сынды мамандықтарды игеріп, күнделікті тұрмысын жақсартуға мүмкіндік бар.