Шығармашылық пен технология тоғысқанда
Ұйғыр ауданында «Болашақ білім: дәстүрлі үйірмелер мен жасанды интеллект мүмкіндіктері» тақырыбында облыстық іс - тәжірибе алмасу семинары өтті. Басқосуға Алматы облысының қосымша білім беру ұйымдарының өкілдері қатысып, балалар шығармашылығын дамытудың заманауи тәсілдерін талқылады. Негізгі мақсат - қалыптасқан үйірме жұмысын жаңа технологиялармен ұштастырып, білім беру үдерісіндегі озық тәжірибелерді ортаға салу.
Семинар аясында қатысушыларға шығармашылық орталықтың тыныс - тіршілігі таныстырылды. Көрмеде музыкалық аспаптар, сурет және қолөнер туындылары, сондай - ақ жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін робот ұсынылды. Бұдан бөлек, әр бағыт бойынша шығармашылық секциялар ұйымдастырылып, педагогтер өзара тәжірибе алмасты. Бұл - дәстүрлі өнерді дәріптей отырып, балалардың жаңа технологияларды меңгеруіне жол ашатын мүмкіндік.
СӘБИТ ТОЛЫБЕКОВ-ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ, СПОРТ, АЛҒАШҚЫ ӘСКЕРИ ДАЙЫНДЫҒЫ ЖӘНЕ ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУДІҢ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Алматы облысы бойынша 31 қосымша білім беру мекемелері бар. Оның ішінде 39 110 оқушы білім алса, сол 39 110 оқушыға 1 220 педагог дәріс береді. Қазіргі таңда Алматы облысының қосымша білім беру мекемелері республика деңгейінде екінші орында келе жатқан үздік қосымша білім беру үйірмелерінің қатарына жатады.
Семинар барысында қатысушылардың кәсіби білімі мен тәжірибесін саралауға бағытталған танымдық ойын ұйымдастырылды. Жиынға қатысқан педагогтер өзара білімдерін ортаға салып, белсенділік танытты. Ойын қорытындысы бойынша үздік қатысушыларға сыйлықтар табысталды. Мұндай формат мамандар арасындағы тәжірибе алмасуды жандандырып, кәсіби байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
ҒАЗИЗ САРСЕБЕКОВ-БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
- Шығармашылық орталығы 2022 жылы бірінші маусымнан бастап өз жұмысын бастады. Қазіргі уақытта шығармашылық орталығында 42 ұстаз, 1030 оқушыға білім беруде. Жалпы шығармашылық орталығында әртүрлі бағыттар бойынша қолөнер, фортепиано, жетіген, домбыра және сол сияқты бірнеше бағыттар бойынша оқушылар білім алуда. Қазіргі күнде оқушыларымыздың жетістігі өте көп.
Дәстүрлі үйірмелер мен цифрлық технологияларды сабақтастыруға арналған семинар қатысушыларға жаңа идеялар мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер қосымша білім беру сапасын арттырып, жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал ететінін атап өтті.