Құрылыс қарқын алды, инфрақұрылым үлгере ме?

Жаңа тұрғын үйлердің қымбаттауына не себеп? Құрылыс саласындағы өзекті мәселелердің бірі электр қуатының тапшылығы. Жаңа нысандарды электр желілеріне қосу үшін құрылыс компаниялары қосымша шығын шығаруға мәжбүр. Бұл мәселе Қонаев қаласында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен жиында талқыланды. Басқосуға Қазақстан құрылысшылар одағының вице-президенті Абзал Саманов та қатысты. Электр қуатының тапшылығы әсіресе Талғар, Қарасай және Іле аудандарында сезіледі. Бұл өңірлерде тұрғын үй құрылысы қарқын алғанымен, қолданыстағы электр желілерінің қуаты жаңа ғимараттарды қосуға жеткіліксіз. Сондықтан құрылыс компаниялары электр желілерін бес-он шақырым жерден өз қаражатына тартуға және қосымша нысандар салуға мәжбүр. Мұның бәрі құрылыс шығынын арттырып, баспана бағасына әсер етуі мүмкін. Жиында кәсіпкерлер коммерциялық нысандарды инженерлік желілерге қосу мәселесін көтеріп, саладағы заңнамалық түйткілдерді де ортаға салды.

ДИЛЯРА СЕЙІТНҰРОВА
ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОДАҒЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Біз кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіретін заңнамалық мәселелерді талқылау үшін жиі бас қосамыз. Мұндай кездесулерге құрылысшылармен қатар, осы салаға қатысты басқа да ұйымдардың өкілдері қатысады. Қазір «Алатау Сити» жобасы да назарымызда. Жаңа қаланың құрылысын дамыту, инвестиция тарту мәселелерін қарастырып жатырмыз. Бұл ретте жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, жобалау жұмыстарын үйлестіру және инвестициялық бастамаларды ілгерілету маңызды.

Сондай-ақ оқыңыз: