15 минутта үйсіз қалды: отбасы көмек сұрады

Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылында үш баласы бар отбасы шатырдан шыққан өрт салдарынан баспанасыз қалды. Абырой болғанда, сол сәтте үйде болған балалар мен олардың атасы дер кезінде сыртқа шығып үлгерген. Зардап шеккендердің айтуынша, 110 шаршы метрлік баспана мен ауладағы автокөлік небәрі 15 минутта отқа оранып, түгі қалмаған. Баспанасыз қалған отбасы қандай көмекке мұқтаж? Жергілікті әкімдік үйсіз қалған отбасыға қандай қолдау көрсете алады? 

Сәуле Қагарманова оқиғаны әлі күнге дейін көзіне жас алып есіне түсіреді. Жылдар бойы жиған-тергенінен бір сәтте айырылған ана қазанның 18-іне қараған түні жұмыстан үйіне қайтып келе жатқан. Сол кезде үлкен қызы қоңырау шалған. Тұтқаның арғы жағынан жан ұшыра айғайлаған баласының дауысын естігенімен, не болғанын түсіне алмапты. Дереу ағасынан үйіне барып, жағдайды білуді сұраған. Отбасының баспанасынан түк қалмағанын да сол кезде естіген.

СӘУЛЕ ҚАГАРМАНОВА
ӨРТТЕН ЗАРДАП ШЕККЕН АЗАМАТША
- Інім келген кезде маған айтты: Сауле, үйден ештеңе жоқ, бәрі жанып кеткен. Сонымен: балалар, балалар деймін да. Балалар аман деді. Бірақ сене алмаймын да, өйткені көзбен көрмедім. Жол ұзақ болып кетті, келе жатырмыз, бірақ жете алмай кеттік үйге. Үйге келсем, үй жоқ.

Алдын ала мәлімет бойынша, өртке электр желісіндегі қысқа тұйықталу себеп болған.

РИНАТ НҰРЖАНОВ
ӨРТТЕН ЗАРДАП ШЕККЕН АЗАМАТ 
- Басында көршілер көрген ғой, столбының басы шарқ-шұрқ етіп ұрып жатырған, искра беріп. Мен ойлап тұрмын енді, пожарныйдың айтқаны да сондай болып тұр, мына столбыдан шатырыма түскен, шатырымнан ары қарай таралып кеткен.

Отбасы бұл үйді бес жыл бойы кірпішін біртіндеп қалап, өз күшімен тұрғызған. Екі жыл бұрын ғана қоныс тойын тойлап, жуырда баспанасын жаңа жиһазбен жабдықтапты. Алайда, тілсіз жау аз уақыттың ішінде бар еңбегін күлге айналдырды. Өрт кезінде несиеге алынған ақша да жанып кеткен. Қазір отбасыға жақындары мен достары қол ұшын созып, жанашыр жандар қаржылай көмек көрсетіп жатыр.


ШЫҢҒЫС БАЙҒҰРЖИН - ОТБАСЫНЫҢ СЫНЫПТАСЫ
- Ертеңіне бірден базарға шығып, қаржылай көмек жинай бастадық. Адамдарға жағдайды түсіндіріп, фото-видеоларды көрсеттік. Бізге қолдау білдіріп, көмектескен барша жанға алғысым шексіз.

Қазір отбасының басты өтініші – үй мен жердің құжаттарын заңдастыруға жәрдемдесу. Себебі жер телімін сатып алған кезде құжаттар толық рәсімделмеген екен. Енді баспананы қайта тұрғызу үшін алдымен осы мәселені шешу қажет. Жергілікті әкімдік өкілдері құжаттарды рәсімдеуге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

ӘДІЛЕТ ӘЛІБЕК
ПАНФИЛОВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
- Үй мен жердің құжаттарын рәсімдеуге көмектесе аламыз. Себебі олардың құжаттары кезінде толық заңдастырылмаған. Рәсімдеу жұмыстары бастапқы кезеңде тоқтап қалғандықтан, қазір қолдарында қажетті құжаттары жоқ. Бұл мәселені шешуге жан-жақты жәрдем көрсетеміз.

Құжаттарын қалпына келтіруді жылдамдату өрттен зардап шеккен отбасының өзіне де байланысты болып отыр. Ретімен жасалса, отбасы ресми қағазды жаңа жылға дейін қолына алу мүмкіндігі бар. Ал оған дейін асарлатып, қол ұшын созуға ниетті азаматтардың арқасында баспана құрылысы аяқталып қалуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз: