Бұралқы иттер бойынша жаңа заң, жаңа тәртіп

Бұралқы иттер мәселесі қоғамда әлі де өзекті. Бірі олардан адам өміріне қауіп төнеді десе, енді бірі жануарларға ізгілікпен қарау керек екенін айтады. Биыл заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді иесіз иттерді атуға тыйым салынды. Олар ауланып, арнайы панажайда ұсталады. Ал иесі табылмаған жағдайда ізгілік жолмен жансыздандырылады. Жыл басынан бері Алматы облысында 16 мыңнан астам ит пен 115 мысық ауланған.

АҚЖАН АНАПИЯ 
ТІЛШІ
«Иттер жылына екі ретке дейін күшіктеп, әр жолы бірнеше күшік әкеледі. Бұл қараусыз қалған бұралқы иттердің көбеюіне әкеледі. Бақылаусыз иттерден адамға құтыру, эхинококкоз секілді қауіпті аурулар жұғуы мүмкін. Инфекция тістеу арқылы, ластанған топырақ пен тағамнан да таралады. Сондықтан бұралқы ит мәселесі жануарлар санымен шектелмей, қоғамдық денсаулық пен қауіпсіздікке де тікелей қатысты.»

Гүлсара Амантаева – Қарасай ауданының тұрғыны. Ол соңғы жылдары бұралқы иттердің көбейгенін айтады. Иттер адам өміріне қауіп төндіріп, айналаны ластайды деп шағымданды.

ГҮЛСАРА АМАНТАЕВА - ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ 
«Иттер мына пакеттерді тістеп әкеп тастайды осы жерге. Қойдың терісін әкеп тастайды. Оның жүнін бұрқыратып мусор қылады бәрін.»

Мұндай көрініс өңірдің өзге де аудандарында жиі кездеседі. Әсіресе, мегаполиске жақын орналасқан елді мекендерде иесіз иттер өріп жүр.  

ЖҰМАДІЛ БЕЙІСБАЕВ 
ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ТҰРҒЫНЫ
«Барлық ауру көбінесе иттерден тарайды. Сондықтан олар ешкімге қажеті жоқ және шөп жеп күн көрмейді. Оларға күнделікті ет беру керек. Сондықтан олар адамға, қоғамға көп зиян тигізеді. Ашыққан иттер адамға да шабуы мүмкін. Малға да зиян келтіреді. Сондықтан олармен міндетті түрде күрес жүргізу керек деп ойлаймын.»

Алматы облыстық ветеринария басқармасының дерегінше, күніне қырыққа жуық тұрғыннан ит қапқаны туралы арыз түседі. Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, ауланған ит төрт күн бойы арнайы панажайда ұсталады. Осы аралықта иттің иесі табылса, жануар иесіне қайтарылады. Ал иесіз екені анықталған иттер ізгілік жолмен жансыздандырылады.

БАУЫРЖАН ДӘРІБАЕВ 
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ 
«Ветеринария саласынан бұл бұралқы ит, мысықтарды толығымен алынып тасталды. Бірақ енді биылғы жылы осы жұмысты аяқтау үшін осы екі ай қалды. Қазір осы ветеринария басқармасы айналысып жатырмыз. Оның өзінде осы кәсіпкерлер тарапынан. Мемлекеттік сатып алушылар тарапынан кәсіпкерлер белгіленіп, сол кәсіпкерлер арқылы аулау жұмыстары жүргізілуде. Ал 2027 жылдың қаңтар айынан бастап, жергілікті атқарушы органдар атқаратын болады.» 

Үй жануарларын ұстаушылардың жіберетін  басты қателігі ит пен мысықты тіркемеуінде - дейді мамандар. Биыл ол үшін облыс бойынша 3 мың микрочип бөлінген. Бұдан бөлек, мал өлексесін көметін 10  қорым салынды. Тағы 16 -сын салу жоспарда. 

ДАНИЯР БАЛАЕВ 
ЖАМБЫЛ АУДАНДЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БӨЛІМНІҢ БАСШЫСЫ 
«Бұралқы иттердің мәселесін енді мен ең бірінші ойлаймын, жаңағы иттің иесінің жауапкершілігі деп. Ол итті асырағаннан кейін арнайы чиптеу керек. Тіркеу жұмыстарын жүргізу керек және талапқа сай ұстау, серуендету жұмыстарын жүргізсе онда көшеде бұралқы иттер көп болмас деп ойлаймын. Қауіпсіздік шаралары бойынша мамандар тарапынан күнделікті түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Халық арасында иттерді талапқа, ережеге сай ұстау үшін. Үйінде ұстау, көшеге жібермес үшін күнделікті жұмыстар жүргізіліп отырады.»

Ресми дерекке сүйенсек, жыл басынан бері елде 276 мың ит ауланған. Оның 315-інің иесі табылды. Мемлекеттік бюджеттен ит аулау мен зарарсыздандыру жұмыстарына 15 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Жалпы, бұралқы иттер мен иесіз мысықтарға қатысты кез келген тұрғын жергілікті әкімдікке арыздана алады. Немесе 109 нөміріне хабарласа алады.

Сондай-ақ оқыңыз: