Ұйғыр ауданында 60-қа жуық кәсіпкер марапатталды
Ұлттық экономиканың дамуы мен өңірлердің өркендеуінде кәсіпкерлік саласының алар орны ерекше. Жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамтып, өндіріс пен қызмет көрсету саласын дамытып жүрген іскер азаматтардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Осы орайда Ұйғыр ауданында Кәсіпкерлер күніне арналған «Кәсіпкерлік – ел экономикасының тірегі» атты салтанатты шара өтті.
Мерекелік жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген түрлі сала өкілдері бас қосты. Өнімдері мен қол өнер бұйымдарынан арнайы көрме ұйымдастырылып, келген көпшілікке кеңінен таныстырылды. Өз ісін өрге домалатып, өңірдің өркендеуіне атсалысқан 60-қа жуық кәсіпкер марапатталып, арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттарға ие болды.
ГҮЛИНАР БУЙЕНБАЕВА - КӘСІПКЕР
- Кәсіпкерлер күні деген бір үлкен мейрам болды бізге, аудан көлемінде кәсіпкерлерді орта шаруа иелерін бәрін құттықтап, сыйлықтармен, алғыс хаттармен сыйлап жатыр. Бұл енді кәсіпкерлердің еңбегі, кәсіпкерлерге деген құрмет, рақмет Мемлекетімізге. Мына кәсіпкерлік дегеннің өзі бір батылдық керек, жүрегінде мықты бір жүрек керек кәсіпке, мен өзім кәсіпкер болғаныма 31 жыл болды. Кәсіпкерлікке өзіміздің ұлттық киімдер, қолөнерлермен халыққа қызмет етіп келемін. Мемлекетті, Қазақстанымызды көтеруге кәсіпкерлердің еңбегі өте көп. Сондықтан еңбектері жана берсін.
Аудан экономикасындағы кәсіпкерлік белсенділіктің артуы нақты көрсеткіштерден де байқалады. Биылғы жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 511-ге жетіп, бұл салада 9 412 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлік нысандары 10 миллиард 582 миллион теңгенің өнімін өндіріп, қызмет көрсеткен. Ал инвестиция тарту көлемі 22 миллиард 885 миллион теңгені құрады. Жыл басынан бері жаңадан 11 кәсіпкерлік нысан ашылып, 35 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
ЕРЖАН НЫСАНБАЕВ - ҰЙҒЫР АУДАНЫ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
- 60-тай кәсіпкерлерге марапат берілді, сыйлық берілді. Енді солардың еңбегін бағалау керек деп ойлаймын. Қазір экономикамызға үлкен үлес қосып отыр. Ауданымызда алтымыңдай кәсіпкер бар. Енді оның бәрін, бәрін бірақ марапаттай алмаймыз. Әр саладан, әр саладан алпыс кәсіпкерді марапаттадық. Мына әкімшілікпен бірге, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, айта кетсек, Талғат Ескендірұлына, ол кісіге көп рақмет, өзі қолдап, қаржы бөліп, үлкен-үлкен шара өткіздік.
АЙДАР ҚИСАБАЕВ - ТІЛШІ
- Ұзақмерзімді қаржыландыру, технологиялық жаңғырту және ірі кәсіпорындармен тығыз кооперация — Үкіметтің алдында тұрған басты талап. Бұл мемлекет басшысының кеше ғана өз жолдауына айтқан сөзі. Қысқасы, ел кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер мен мемлекеттік қолдаудың жаңа дәуірі басталып жатыр деген сөз.