Жаңа тұрғын үй кешеніндегі қиындықтар
Ұзаққа созылмаған қуаныш! Талғар ауданында жаңа баспанаға қол жеткізген тұрғындар коммуналдық қолайсыздықтың зардабын тартып отыр. Әлеуметтік осал топқа берілген үйдің кемшіліктері аз емес. Ыстық су тұрақты берілмейді, жалпы үйдің сапасына қатысты да сын көп.
АҚЖАН АНАПИЯ-ТІЛШІ
- Ыстық су ағуы үшін кемінде 15 минут күту қажет. Жуынып, ыдыс жуу үшін суды ысыту қажет. Түзусай ауылындағы «Аура» тұрғын үй кешенінің тұрғындары үш айдан бері осындай тұрмыстық әуреге тап болған.
Бұл кешен биыл ғана берілген. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға табысталған пәтерлерде мәселе көп. Соның бірі - ыстық судың тұрақсыз берілуі. Жарты жыл өтсе де, бұл мәселе әлі шешілмепті.
ҮМІТЖАН ЖҰМАДІЛОВА-«АУРА» ТҰРҒЫН-ҮЙ КЕШЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ
- 13 мамырда көшіп келдік. Кейде ыстық су болады, кейде болмайды. Кейде салқын келеді. Напор кейде көп келеді. Кейде аз келеді. Напор көп келсе суық суға көп келеді де, ыстық су жоқ болып кетеді. Тоқ шәйнекке суды құямыз да, солармен қайнатамыз.
Бұған қоса, судың қысымы төмен. Сәйкесінше, жоғарғы қабаттарға бармайды.
НАДЕЖДА ПРОВОТОРОВА-«АУРА» ТҰРҒЫН-ҮЙ КЕШЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ
- Өзім бесінші қабатта тұрамын. Біздің қабатқа ыстық су мүлде жетпейді. Басқарушы компания сорғы орнатуға уәде берген еді. Бірақ нәтиже жоқ.
Үйдің сапасы да тұрғындардың көңілінен шықпапты. Қабырғаға сызат түсіп, сылағы құлап қалған. Енді санитарлық торап дұрыс орнатылмаған.
ГҮЛМИРА САЛАҚЫНОВА-«АУРА» ТҰРҒЫН-ҮЙ КЕШЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ
- Ана змейканы жасап бер деп едік-10 мың тенге. Жаңа естідіңіз ғой өзіңіз де, ішкі жұмыстарына. Енді дәретхана міне көріп тұрсыз қандай болып тұр. Оның бәріне қашанғы ақшасын төлей береміз.
Қазір тұрғын үй 1200 киловаттық қазандық арқылы жылумен қамтылып отыр. Мамандар қосымша қазандық іске қосылып, жылу қуаты 2500 киловатқа артқан кезде су қысымы да тұрақталады деп сендіріп отыр.
МӘДИ ТӘЛІПЖАНОВ-МЕРДІГЕР
- Ыстық су емес тіпті, суық су жоқ. Сосын барлық төрт блокқа да, қосалқы насостар қойылды. Сонымен ол мәселе жабылды. Енді жылыту маусымы келген кезде ыстық су мәселесі көтерілді. Қазір оған қосалқы басқа мердігер компанияны қойып, осы аптаның соңына дейін жексенбі күнге дейін, дүйсенбі күні бұл мәселе болмайтындай жасап жатырмыз.
ДУМАН САҒАТЖАНОВ-ТАЛҒАР АУДАНДЫҚ ТКШ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
- Проект бойынша 32 миллиметрлік құбыр жүйесі қарастырылған. Қазір су қысымын арттыру мақсатында қалалық суға қосылған ғой мына жер. Сол қалалық судың құбырын 65 миллиметрге ауыстырғаннан кейін ыстық су жүйесінің жұмысы жақсарады.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мәселені бір апта көлемінде реттеуге уәде беріп отыр. Ал тұрғын үйдің сапасына жауапты компания әр пәтерді жеке тексеріп, тұрғындардың өтінішіне сәйкес тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.