Президент Жолдауындағы міндеттер өңірде қалай жүзеге асады?

Жолдаудың мазмұнын әр тұрғынға жеткізу маңызды! Құрылтай депутаттары Алматы облысына арнайы сапарлатып, «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты президент жолдауын түсіндіріп жүр. Халық қалаулылары Іле және Қарасай аудандарында бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Ауқымды ақпараттық-түсіндіру жиынына азаматтық қоғам өкілдері, мемлекеттік орган басшылары мен жастар да белсене қатысуда. Басқосуда президент жолдауында айқындалған стратегиялық бағыттар, яғни инфрақұрылымды кешенді жаңғырту, отандық бизнесті жүйелі қолдау, салық заңнамасын жетілдіру және өзге де мәселелер сөз болды. Депутаттар осы бастамалардың өңірлік деңгейде қалай жүзеге асырылатынын, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудағы рөлін баяндады. Кездесу еркін форматта, ашық диалог түрінде өткенін айта кетейік. Тұрғындарды әсіресе білім беру, педагогтардың жұмыс жүктемесін азайту, орташа жалақы төңірегіндегі мәселелерге және өңірде жаңадан бой көтеретін мектептер мен медициналық нысандар құрылысы алаңдатып отыр.

НҰРСҰЛТАН ОРЫНБАСАРОВ
ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ
«Алматы облысындағы ең бір өзекті мәселенің бірі — үш ауысымды мектеп мәселесі. 50-ден аса үш ауысымды мектеп болған. Енді қазіргі уақытта жартысынан астамы ол әлгі мәселе шешілді. Енді 20-дан аса әлі де қажеттілік бар. Сондықтан алдағы уақытта осы үш ауысымды мектеп мәселесі, спорт кешендері, мәдениет орталықтары деген сияқты мәселелер бар. Осы жобалардың іске асуына, бастаманың басталуына бір керемет жыл болады деген ойымыз бар.»

Депутаттар Қонаев қаласындағы білім, медицина және әлеуметтік сала мамандарымен де кездесті. Ашық диалог барысында президент жолдауындағы міндеттерді қаржылай қамтамасыз ету жайы сөз болды. Бүгінде мемлекеттік қазынадан миллиардтар бөлініп, ел бойынша 262 ауқымды жоба қолға алынған. Басты басымдық - мектептер мен ауруханалар сияқты әлеуметтік нысандардың құрылысы. Ал келер жылы елдегі үлкен құрылыс жұмыстарына жалпы 6 жарым триллион теңге бағыттау жоспарланғанын еске салайық.

Сондай-ақ оқыңыз: