Сыннан кейінгі нәтиже
Оқушылардың мектептегі қарапайым қажеттілігін өтеудің өзі қолайсыздыққа айналған. Қарасай ауданындағы Пушкин атындағы мектеп дәретханасының жай-күйіне ата-аналар бұған дейін шағымданған еді. Сол кезде білім ордасының әбден тозығы жеткенін айтқан еді. Жауаптылар мәселені шешуге уәде берген. Уәде етілген уақыт өтті. Ал өзгеріс бар ма?
Қаскелең қаласындағы әжетханасы лас делінген мектеп осы. 64 жыл бұрын салынған Пушкин атындағы білім ошағының күрделі жөндеу көрмегеніне де талай жыл. Ата-аналар осы жағдайды ашына жеткізген еді.
ЛЮБОВЬ ПАНКРАТОВА
ҚАСКЕЛЕҢ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Мұндағы әжетханалардың жағдайы өте нашар. Қызым биыл мектепалды даярлық сыныбына барды. Бірақ дәретханаға бара алмайды. Іші қираған, сасық. Жағдайы мүлде адам төзгісіз.
Бұл шағымды өзге ата-аналар мен оқушылар да растаған еді. Сол кезде жауапты басшылар жөндеу жұмыстарын бірінші тоқсан аяқталған соң жүргізуге уәде берген. Екінші тоқсанның басталуымен, Пушкин атындағы мектептегі жағдайдың өзгергені белгілі болды. Жөндеу жұмыстары шынымен жүргізіліп, әжетханалардың жағдайы біршама жақсарған.
НҰРЛЫБЕК ТАЛЫБАЕВ
А.С ПУШКИН АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ШАРУАШЫЛЫҚ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ
- Бес күн жұмыс уақытында бітірдік каникул кезінде. Өзіміздің мектептің үнемделген ақшадан бөлінген ақшаға жұмысшылар жалдадық, материалдарын алдық. Үш этаждың әжетханаларын түгелдей суағары мен қосып, астындағы унитазымен қосып бәрін ауыстырдық. Кабинкаларын новыйдан ауыстырдық стояктарын ауыстырдық жаңадан, төбесін бәрін, стенасын бәрін қырып, түгел қайтадан левкаспен ақтатып жақтырып, төбесінен натяжной жасадық, смесительдер істемей тұрған соның бәрін жасадық.
Ал мектептің күрделі жөндеуіне келсек, бұл мәселенің түбегейлі шешілуіне әлі уақыт керек. Білім бөлімінің басшысы бұған дейін хабарлағандай, 2025 жылы нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Ендігі жоспар алдағы үш жыл ішінде мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу.