Алматы облысында онкологиялық есепте 13 мыңнан астам адам тұр

Алматы облысында тұрғындарды медициналық тексеру нәтижесінде 238 адамға қатерлі ісік диагнозы қойылды. Тағы 542 тұрғыннан обыр белгілері анықталған. «Қызғылт қазан» халықаралық науқаны аясында белгілі болып отыр бұл. Жылжымалы медициналық кешен жыл басынан 48 елді мекенді аралап, мыңдаған адамға маммография, ультрадыбыстық зерттеу және компьютерлік томография жүргізген. Жалпы биыл жеті айда өңірде қатерлі ісік диагнозы алғаш рет қойылған 1 360 пациент тіркеліпті. Ал облыстағы онкологиялық есепте 13 мыңнан аса адам тұр. Олардың басым бөлігі сүт безі қатерлі ісігі бойынша диспансерлік есепке алынғандар. Дәрігерлер ауруды ерте анықтау арқылы дерттен емделуге болатынын қайталаумен келеді. Бұл үшін мамандар 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдерге екі жылда бір рет маммографиялық скринингтен өтудің маңызды екенін ескертті. Сонымен қатар қазір елімізде сүт безіне жасалатын операцияның жаңа тәсілі енгізілуде.

ДӘУЛЕТ АЙДАРОВ
ОНКОЛОГ-МАММОЛОГ 
- Сүт безіне қатысты жаңа радикалды операция түрлері жасалып жатыр. Еуропа елдерінде және Ресейде қолданылып жүрген ICG, яғни индоцианин жасылымен визуализациялау әдісі бар. Бұл әдіс арқылы біз ота барысында сүт безін сақтап қалып, лимфа түйіндерінің жағдайын бағалауға және олардың ішінде қатерлі ісік жасушаларының бар-жоғын 10–15 минут ішінде анықтауға мүмкіндік аламыз.

Сондай-ақ оқыңыз: