RG Brands дамудағы жаңа бағытты іске қосты – еліміздің өңдеу өнеркәсібін дамытудағы маңызды қадам

RG Brands дамудағы жаңа бағытты іске қосты – еліміздің өңдеу өнеркәсібін дамытудағы маңызды қадам
Фото: OSPAN ALI

Алматы облысының Қарасай ауданында БАҚ өкілдері, блогерлер мен аудандық мәслихат депутаттары RG Brands Kazakhstan компаниясының өндірістік нысандарына пресс-тур жасап, отандық өңдеу өнеркәсібінің дамуы туралы толық ақпарат алды. Іс-шараны «Бәйтерек» холдингі құрамындағы Қазақстанның даму банкі ұйымдастырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу, өңделген өнім экспортын ұлғайту және «жасыл» технологияларды енгізу бағыттарын басты басымдық ретінде атап өткен болатын. RG Brands Kazakhstan компаниясы осы мақсаттардың нақты жүзеге асып жатқан үлгісін көрсетіп отыр. Ал мемлекеттік қолдау тетіктері отандық өндірістің жаңаруына, цифрландыруға және экспорттық әлеуеттің артуына серпін беруде.

1994 жылы құрылған RG Brands Kazakhstan бүгінде еліміздегі шырын, су, сүт және шай өнімдерін шығаратын жетекші компаниялардың бірі. Сондай-ақ ол азық-түлік өнімдерін шетелге экспорттайтын ең ірі отандық өндірушілер қатарында. Компания құрамына Алматыдағы «Tealand» шай зауыты, Қостанайдағы «Космис» кәсіпорны және Алматы облысындағы өндірістік-логистикалық «Ақсеңгір» кешені кіреді.

2024 жылы компания Қазақстанның даму банкінің қолдауымен «Ақсеңгір-2» атты жаңа зауыттың құрылысын аяқтады. Жобаға салынған инвестиция көлемі 33 миллион АҚШ долларынан асты.

— Экспорттық әлеуетті стратегиялық тұрғыда арттыру үшін бізге ең сенімді серіктес қажет болды. Осы тұрғыда Қазақстанның даму банкі — ең дұрыс таңдау. Банк қаржылай қолдаудан бөлек, жүйелі және әдістемелік тұрғыда да көмек көрсетті. Жоба табысты іске асуы — осы өзара сенімнің нәтижесі, — деді RG Brands Kazakhstan компаниясының басқарма төрағасы Тимур Қалтаев.

Жаңа зауыттың іске қосылуы 600 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, өңірлік экономикаға мультипликативті әсер берді. Өңдеуші және көлік компанияларының, шикізат пен қаптама өндірушілерінің жұмысы жанданды. Жоба аясында консервантсыз сусындар өндіруге мүмкіндік беретін жаңа ыстық құю желісі орнатылды. Бұл өнімнің сапасы мен сақтау мерзімін арттырып, пластик тұтыну көлемін азайту арқылы экологиялық жүктемені төмендетеді.

Қазақстанның даму банкі мен RG Brands арасындағы ынтымақтастық 2008 жылы жаңа сусын зауытының құрылысына берілген инвестициялық несие жобасынан бастау алған. Кейін 2016 жылы Банк компанияға экспортқа дейінгі қаржыландыру ұсынды.

2024 жылы тараптар Қазақстанда алғаш рет синдикатталған несие туралы келісімге қол қойды. Жалпы қаржы көлемі — 26,5 млрд теңге. Оның 12,5 млрд теңгесі өндіріс қуатын кеңейтуге, ал 14 млрд теңгесі экспортқа дейінгі қаржыландыруға бағытталды. Бұл қаражат жаңа өндірістік желілер орнатуға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

— Бұл жоба банк стратегиясындағы басым бағыттарға сай келеді. Ең бастысы, жаңа жұмыс орындары ашылды, өңірдің экономикасы дамып, салық түсімдері мен экспорттық әлеует артты, — деді Қазақстанның даму банкінің клиенттермен жұмыс жөніндегі дирекциясының аға банкирі Әсел Шитенова.

Оның айтуынша, банк алдағы уақытта да компанияға айналым қаражатын қаржыландыру және тағам өнеркәсібінің жаңа бағыттарын дамыту ісінде қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта RG Brands Kazakhstan өнімдерінің шамамен 20 пайызы Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай және Тәжікстан нарықтарына экспортталады. Компания экологиялық өндіріс принциптерін белсенді енгізуде: пластик тұтынуды қысқартып, су мен энергияны үнемдеу шараларын күшейтуде. Бұл бағыттар Мемлекет басшысы айқындаған тұрақты даму саясатына толық сәйкес келеді.

RG Brands Kazakhstan компаниясының тәжірибесі — мемлекет пен бизнестің өзара тиімді серіктестігі экономиканы жаңғыртуға, отандық брендтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға нақты үлес қосатынын айқын көрсетеді. Қазақстанның даму банкі секілді қолдау институттарының арқасында отандық кәсіпорындар шикізаттық емес экспортты дамытуға, инновация енгізуге және халықаралық нарықта сенімді позицияға ие болуға мүмкіндік алуда.